• ZERGER
    Следующая глава (Ctrl + вправо)
  • ZERGER

    1-тарау : Біткен жерім осы

     

    «Дәл оң жағымда көлік ұшып келе жатыр. Бірнеше секундтан соң мені жермен теңейді. Өмірім көз алдымнан өте шықты деген сәт осы екен ғой, уақыт тоқтап қалғандай... Бұлай болатынын білгенде, әттең... Артқа қайтып барсам бәрін түзер едім... Тым кеш, өмір деген өңдей салуға болатын кітап я жаңадан түсіре салуға болатын филім емес, осымен бітті...»

     

    Жарты сағат бұрын: 

    Құзар қаласы, күздің ортасы, түскі бір. Далада адам жетерлік, десе де сонша көп емес. Қаланың қақ ортасында екі жаққа тарайтын үй бар, соның қиылысында Zerger дүкені орналасқан. О жерде неше түрлі әшекей бұйым сатады. Қала сондай үлкен болмаса да, өте бай. Жақын жерде алтын табатын шахта ашылған, соған мұқым елден адамдар жұмысқа келеді. Алтын жетпегендей, қаланың басқа шетінен гауһар шахтасы табылды. Ақыры еліміздің ең мықты әрі қымбат зергерлік дүкені осы қалада пайда болды. Сөйтіп қалаға кеншілер ғана емес, сақина я басқа бірдеңе сатып алам деген байлар қаптап келе бастады. Бұ үрдістің басталғанына бірнеше жыл боп қалды. 

    Қаладағы бірталай жұмыс орнының түскі асы енді басталып жатыр. Зергер дүкенінде де сол, бәсекелер кафеге шығып кетіп, ішінде бірнеше сатушы мен екі күзетші қалған. Сатушылар клиенттерге бұйым көрсетіп жүрсе, күзет бауырларымыз өз орнында тамақ ішіп отыр. Көкте бұлт жоқ, дала самал жел, жапырақ әрі-бері ұшып жатыр. Бұлт жоқ болған соң күн жарқырап тұр. Бұндай күн терезеге түсіп тұрғанда даладан дүкеннің ішінде не боп жатқанын көре алмайсыз, әйнегі айна секілді боп кетеді. Zerger дүкеніне қарсы, жолдың ар жағында күні бойы бір терезесі тұмшаланған қара көлік тұр. 

    Сағат бірден бес минут кетті. Zerger-дің алдына бір қара минивен келіп тоқтайды. Ішінен брондалған екі ер адам шығады. Багажын ашып екі кейс алып шығады. Екеуінің қолында бір-бір қару. Сөйтіп дүкенге кіріп кетеді. 

    — Міне, келіп қойды. 

    — Енді қашан шығады? 

    — Кәз, бес минут күт, біз де шығамыз. 

    Он минуттан соң жаңағы екеуі дүкеннен шығып, көлікке отырып кетеді. 

    — Кеттік! 

    Сағат бірден он бес минут кетті... Жолдың ар жағындағы қара көліктен үш адам атып шығады. Әрқайсының бетінде медициналық маска мен қара көзілдірік, қара бас киім. Күн ыстық болғанына қарамастан қалын киініп алған, қолғап та бар. Көліктен шығып Zerger дүкеніне асыға түсті. 

    Тарс! 

    — Жерге жат! Жат дедім! — деп кіре салысымен ызалана бақыра бастады. Тамақ ішіп отырған күзетшілер төтенше жағдай батырмасын басып та, қаруын ұстап та үлгерген жоқ. Дүкендегі бес адам мен екі сатушы бірден жерге жатты. Оның ішінде: бір ата мен апа, 20 жас шамасындағы қыз, 40 жас шамасындағы шардақ ер адам, сосын бір 50 жас шамасындағы шымыр ағай. Екі сатушы қыз 25 жастай еді. Тонаушының біреуі сатушы қызға жақындап шашынан жұлқып көтеріп алды. 

    — Әй, қойманы аш! — деп бұйырды. Дүкеннің негізгі бөлігінде талай қымбат әшекей бар болса да, арғы жағында VIP клиентке арналған арнайы бөлім бар еді. О жерде елдегі ең қымбат әрі ірі гауһар сақиналар сақталып тұратын. Әлгінде келіп кеткен, қолында кейсі бар екі адам да қымбат бірдеңе әкелген еді.

    — Көз, байқа. — деп бір тонаушыны негізгі бөлімге қалдырып, қалған екеуі қоймаға кіріп кетеді.

    ZERGER дүкенінің іші кең еді. Кіреберісте 10 метір жерде касса орналасқан, кассаның артында қойма. Кассаның алдында демалатын жер, есік алдында күзеттің орны мен турникеті. Негізгі бөлім осы кассадан екі жаққа созылады. Бөлме ортасында неше түрлі сөре жайғасып жатыр, екі жаққа елу метірдей созылған шығар.

    — Беттеріңді жерге жабыстырып жатыңдар! Маған да, айналаға да қараушы болмаңдар! — деп бұйырады да, өзі ар жақтан бір алқа іздеп кетеді. Жас болған соң қызына сыйлық жасайын дегені ме, әлде сатып ақша жасайын дегені ме. Бірақ іс сәтті өтсе бір сағат өте қалтасында миллионнан астам жататынын ұқпай тұрғаны ма...

    Көз алқа қарап жүргенде жерде жатқан елу жасар деген шымыр ағамыз орнынан ақырындап тұра бастайды. Жанында тұрған күзет үстеліне байқатпай барып, төтенше жағдай батырмасын басып, жерде жатқан тапаншаны алып, орнына қайтып барып, түк болмағандай жата қалады.

    Біраздан соң қалтасы әшекейге толған Көз қайтып келеді. Қайтып келе жатқанда сатушы қыз басын көтеріп қарап жатқанын көріп қалады.

    — Басыңды көтерме дедім ғой! — деп қатты ызаланып, қыздың басын ұра бастайды. Бетін жерге жабыстыра бастағанда шымыр ағай шыдамай, тапаншасын алып шығып Көзге көздейді.

    — Қызды жібер де қолыңды көтер!

    Көз сасқалақтап қалған.

    — Қайдан алып шықтың? Бағана қалтаңда жоқ болған секілді еді ғой... — деп күлімсірейді.

    — Қолыңды көтер дедім!

    Шымыр ағайдың сабырлығына қарап, бұрын әскерде я болмаса полицияда жұмыс істеді деуге болады.

    — Өй, шал! Көтің қышып бара ма? Мені атсаң екі досым келіп сенің быт-шытыңды шығарады. Өзің тапанша қалай істейтінін білесің бе өзі? Тапаншаны таста да жерге жат, сенің дүкеніңді тонап жатқан жоқ шығармыз.

    Шымыр ағай міз бақпады, сұрағына да жауап бермей тұр.

    Үндемегеніне қараған Көз, қорқып тұрған шығар деп ойлап, оған жақындай бастайды.

    — Орныңда тұр! Қол көтер! Керек болса үшеуіңді де ата саламын.

    Көз сөзіне сенбей жүгіре түседі.

    Пах! Гүрс! Тарс!

    — Әкең... Тағы не бүлдірді?.. — қоймада қымбат әшекейді сөмкеге жинап жатқан жерінен бір дос негізгі бөлімді көріп келейін деп кетеді.

    — Көз, ең оңайын саған тапсырдық қой, жай ғана қарап... — қоймадан шыға салысымен шымыр ағайдың оғы көз алдынан ұшып өтеді. Қорқып кетіп кассаның артына лезде отыра қалады. Сығалап қарап, көз қан-қан боп айғайлап жатқанын байқайды. Қорқып кетеді...

    — Құлақ! Таста! Қаруы бар біреу, көзді атып тастады, әкри!

    Шын аттарын біліп қоймасын деп Құлақ, Көз, Мұрын деген өтірік ат қойып алған еді.

    Мұны естіген Құлақ сатушы қызға «Жерге жат, қозғалушы болма!» деп бұйырады да, Мұрынға жүгіріп барады.

    Мұрын мен Құлақ шымыр ағаймен атыса бастайды. Екеуі кассаның артына тығылып алған, ал шымыр ағай сөренің артына тығылып үлгерген. Бес-алты оқ әрі-бері ұшып, ақыры шымыр ағайға тигізгендей болады. Сөйтіп тез-ақ шымыр ағайдың оғы бітіп қалғандай тыныш боп қалады. Құлақ кассадан шығып, ақырындап еңкейе жақындай бастайды. Жақындап барып, шымыр ағайдан бірталай қан ағып жатқанын көреді.

    — Болды ғой, Мұрын, шыға бер... — деп кері қайтып келе жатады.

    Тарс! Дүңк!

    Мұрынның дәл алдына кеп құлап түседі. Басын оқ тесіп өткен. Мұрын денесін ұстап алып, шымыр ағай жаққа ата бастайды. Ол да өлді.

    Гуіл-гуіл! Гуіл-гуіл!

    Шок болып қалған Мұрын полицейлер келе жатқан дыбысты естиді.

    — Аға! Қаштық! Пәлесей келді! — деп Көз бақырады!

    Мұрын бірнеше секунд ойланып қалады да, Көзді алып кете алмайтынын түсінеді. Бұған дейін дүкеннің арт жағына мотоцикл дайындап кеткен енді, оған Көзді сүйреп апарып, отырғызайын дегенше ұсталып қалатынын түсінеді.

    — Аға! Тезірек болыңызшы! Өтінем!

    Түк дей алмай, үндемей бұрылып қашады.

    Дүкеннің артқы есігінен шығып, дайын тұрған үш мотоцикілдің біреуіне отырады.

    Қызыл түсті кауасакиге отырып зуылдай түседі. Кетіп қалса да құлағына әлі де полицей гуілі естіліп тұр. Қатты абыржығаннан елестетіліп тұр ма, әлде жақын жерде басқа полиция көлігі бар ма... Жолдың шетіне қараса бір полицей мырза үңіле қарап, рациясына бірдеңе айтып тұр. Бір сәтте Көздің жалынып жатқан беті көзге келеді, одан кейін дәл көз алдына құлап түскен досының бейнесі еске түседі. Одан Мұрынның көзі қатты жасаурайды. Көзі жасаураған соң алдында тұрған бағдаршамның қызыл жанып тұрғанын байқамайды. Қызыл түске өтіп бара жатып оңға қарап келіп қалса қара джип атып шығады.

    «Дәл оң жағымда көлік ұшып келе жатыр. Бірнеше секундтан соң мені жермен теңейді. Өмірім көз алдымнан өте шықты деген сәт осы екен ғой, уақыт тоқтап қалғандай... Бұлай болатынын білгенде, әттең... Артқа қайтып барсам бәрін түзер едім... Тым кеш, өмір деген өңдей салуға болатын кітап я жаңадан түсіре салуға болатын филім емес, осымен бітті...»

    ДҮ-ДІҢ!

    Түнек

    — Ааааһ!

    Мұрын шошынып оянады. Көзі жас-жас. Жан жағына қараса өз қонақ үйінде, дибанда отыр. Түк ұқпай үнсіздікте отырып қалады.

    Тық-тық-тық!

    Он бес секундтан кейін есікті біреу тоқылдатты. Сасқалақтап барып есікті ашса, алдында Көз бен Құлақ тұр.

    — Мақсат, байитын керемет іс бар!

    Мақсат болса бұл іс оның өмірін түбегейлі өзгертетінін әлі білмейді.

  • ZERGER
    Следующая глава (Ctrl + вправо)
  • Отсутствуют комментарии