• Ucan
    Следующая глава (Ctrl + вправо)
  • Ұшан

    Бірінші тарау: Ұстаз бен шәкірт

     

    Ұшан-теңіз жаһанда небір хикая бар, соның біреуін — өзімдікін айтып берейін. Жазғы демалыс бітіп, сабаққа бара бастаған кезім еді. Он бірінші сынып деген оңай емес, енді күнде ҰБТ-ға дайындаласың дейді. Оны аңдаған сыныптастар зыр айналып жүр: репетитор іздеп, бір-бірімен сабақ оқып. Онысы да дұрыс, ертең дұрыс тапсыра алмай қалсаң үніберситетке түсе алмайсың. Түспесең қораға кірдім дей бер, әскерге әкетеді. Әскерге бармағам, бірақ әңгімеге сенсек: нағыз көкеңді танытатын, мейірімсіздік пен парақорлық өршіген жер секілді. Мен болсам бар ойым кітапта. Бір жыл бұрын жазған кітабымды баспаларға тапсырып едім, ешқайсысы қабылдамады. Бәрі дейтін емес, тағы біреуі қалды. Енді бүгін, он жетінші туған күнімде сол баспаға барамын. Кітабымды қабылдамаған да шығар. Ондаған бас тартудан кейін сенім қала ма екен. Енді міне, мектептен шығып, соңғы қалған баспаның шешімін есту үшін бара жатырмын. Барынша «иә» деген жауапты күтсем де, өзімді алдын ала «жоқ» деген жауапқа дайындап алғанмын. Уақыттан ерте берілгенім емес, бұның алдындағы ондаған бас тартуды естіген сайын еңсем түсіп, мұңайып қалатынмын. Енді соңғыға келгенде өзімді қолымда ұстамасам, ішіп кетемін бе, кім білсін. Ойбу, мені ішкіш біреу деп ойлап қалмаңыз... жай айтқаным ғой. Бала кезімде әкем ішетін, соны есіме түсірсем жаным ұшып кетеді. Бес жасыма дейін әке-шешеммен, бақытты болмаса да, әйтеуір сүретінмін. Сол кезі әкем жиі ішіп алып, анамды сабайтын. Үйдің іші күнде майдан еді. Мен үшін сол көрініс бұл әлемнің қалыпты жағдайы деп көрінетін, біреу үшін әлі де солай шығар. Анам не үшін полисейлерге шағымданбағаның білмеймін, әкемнің «қылығын» шыдап жүре беретін. Бір күні шыдамы бітті. Анамның емес, әкемнің. Байқаусыз ба кім білсін, ішкен адам ессіз ғой, соны анамды өлтіріп алыпты. Әлде «тастапты» десем дұрыс болар м'еді. Сол бес жасымда балалар үйіне түстім. О жерде жарты жыл-ақ болдым. Қазір әке-шешем деп айта алатын отбасымның бір бөлігі атандым. Өздері елу жасқа келіп қалған жұп, бірінен бірі аумай қалған. Мені балалар үйінен алғанының себебі — балалы бола алмаған ба, білмеймін, сұрамаппын да. Екеуі де жақсы адам, балалық шағымда бақытты боп өстім. Басқа балалардан еш жерім кем болмады. Қарным тоқ, киімім бүтін. Керек деген нәрсемді алып беретін. Бәрін емес, әрине, бай отбасы емеспіз ғой. Сөйтіп жас кезімнен неше түрлі үйірмеге қатысып, сегіз қырлы бір сырлы болып алдым. Қырым сегіз болса да, сөзім нөл болды. Адаммен сөйлесуден ұялатынмын. Ақыры сол ұялшақтығымның арқасында жазушы болдым. Бесінші сыныптан бастап әдебиет пәнінің жарыстарына қатыса бастадым. Эссе жазу, шығарма жазу деп неше жыл жүрдім. Сол жарыстарды жеңсем де, ішімдегі ұялшақтығымды жеңе алмадым. Ішімдегі ойды ауызбен жеткізе алмасам, мәтінмен жеткізейін дедім. Сөйтіп он төрт жасымда кітап жаза бастадым. Оны бітіруге әлек боп екі жыл жүрдім. Енді міне, баспаның басып шығарғанына жете алмай, бір жыл бұрын біткен кітабыммен әлі алысып жүрмін.

    Осы бір өмірбаянымды ойлап келе жатқанша баспаға жетіп қойыппын. «Ал, пісіміллә» деп есікті аштым. Құдайға сенсек те, сенбесек те пісімілләмізді айтып кіреміз ғой бұндай жағдайда.

    «Сәлеметсіз бе! Мақсатпын ғой, Сапар кітабы туралы ай...» деп сасқалақтап қалдым.

    Үстелшенің алдында тұрған апай «А, саламатсыз. Қазір, редакторды шақырайын, отыра тұрыңыз» деп арғы бөлмеге кетіп қалды.

    Холлда ешкім жоқ деп ойлап едім, арғы үстелде бір ағай отыр екен. Бір қолында виски, екінші қолында кітап. Сүйікті жазушымның бірін, Болат Мұсаны оқып отыр екен. «Сәлеметсіз бе! «Зергер» кітабы ғой? Жақында оқығам, жаман емес екен. Алайда анау уақытта саяхат жасауы біртүрлі көрінді, Болат мырза бұндай фантастика жазады деп ойламаппын.» деп әңгіме бастап кеттім. Иә, әлгінде ғана сөйлесуден ұялам деп едім, бірақ мынадан қобалжып тұрғанымда, редактормен сөйлескеннің қасында, кездейсоқ бір ағаймен сөйлескен ойыншық боп көрінді. «Иә, шатқан кітап екен.» деді де қойды. «Мынау менен өткен ұялшақ па, әлде дөрекі сөйлей беретін біреу ме» деп ойланып қалдым. «Мақсат мырза. Мақсат мырза.» деп екі рет шақырып үлгерді, бірден естіми қалыппын. Апайдың даусынан жақсы бірдеңе айтқай тұр деп ойлап қалдым.

    — Иә, мен. Қалай болды? — деп қуана бұрылдым.

    — Кітабыңызды сыншы алқасымен оқып жықтық. Бірінші кітап үшін жақсы, бірақ біздің баспамызға әзірге бұндай шығарма керек жоқ деп шештік.

    Не дерімді білмедім. Үстелге қарап, бірдеңе іздегендей қатып қалдым. Ойда түк жоқ, еңсем түсіп қалды. Үйге де барғым келмей кетті... Тұрып-тұрып, ақыры кетейін дедім, басқа не істейм... Рақметімді айтып, бұрылып кетіп бара жатыр едім: біреу «Не жетпегенін білесің бе?» деді. «Ау?» деп арт қарадым. Әлгіндегі дөрекі ағай екен.

    — Не жетпегенін білесің бе деймін. Айтайын ба?

    — Сіз кімсіз? Осында істейсіз бе?

    — Болат Мұсамын. Иә, бос уақытымда жас жазушылардың кітаптарын сынайм.

    — Болат... Мұса? Сіз бе? Мә... Түгел кітабыңызды оқыдым ғой, басты жанкүйеріңізбін деуге де болар.

    — Жанкүйер болып алып түрімді де білмейді дейсің ғой...

    — Қойыңызшы, ағай. Қай оқырман жазушыдың түрін іздейді дейсіз. Бастысы сөзіңіз ғой.

    — Жә... — деп вискиін іше бастады.

    — Сонымен, бірдеңе жетпейді дедіңіз ғой, айта аласыз ба?

    — Махаббат! — деп вискиін жұта салды.

    — Қойыңызшы, романтика қоссам детективтің быт-шыты шығады ғой. Мазмұнына да жараспайды, оқыдыңыз ба өзі?

    — Иә, оқыдым. Ортасына келгенде қиын бола бастады, сөйтсе де оқып бітірдім. Кішігірім дарының бар делік.

    — Кішігірім... Жарайды, сіздей адамға менің кітабым ұнағанының өзі бір мәртебе, бұндай болатынын армандамағам да.

    Кітабымды қабылдамағаны үшін көңіл-күйім жоқ еді, сүйікті жазушымды көріп сәл болсың күлімсіредім.

    — Мақсат, бүйтейік: менің шәкіртім бол. Саған кітап жазуды үйретем де, жазға дейін жаңа кітабыңды баспаға шығарамыз. Жазға дейін үлгерсек, сен менің бір тілегімді орындайсың. Келістік пе?

  • Ucan
    Следующая глава (Ctrl + вправо)
  • Отсутствуют комментарии